«Бірлік пен дәстүр» – Ұлттық құндылықтар күні

«Аю-тас» балалар сауықтыру лагерінде жазғы демалыстың екінші маусымының салтанатты ашылуы өтті. Мерекелік күн салтанатты сап түзеуден басталып, әрбір жасақ өз рапорттарын тапсырып, жаңа маусымға дайын екендіктерін көрсетті.

Ашылу рәсімі барысында тәрбиеленушілер ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық нөмірлерін ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Салтанатты шараның қорытындысында барлығы бірге «Атамекен» әнін орындап, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

Күннің бірінші жартысында лагерьге төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп, тәлімгерлерге орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар өрт қауіпсіздігі ережелері туралы айтып, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, тәлімгерлер арнайы нұсқаулықтан өтіп, қауіпсіздік талаптарымен танысты.

Экологиялық бағыт аясында тәрбиеленушілер «Таза өлке – таза болашақ» атты шығармашылық іс-шараға қатысты. Балалар табиғатты қорғау тақырыбында суреттер салып, қағаздан гүлдер жасап, ортақ композиция құрастырды. Сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоқыс көлемін азайту және табиғатқа жанашырлықпен қарау жөнінде үндеу жазылған плакат дайындады.

Кешкі уақытта лагерьде «Елдер күні» атты жалпылагерьлік мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Әр жасақ белгілі бір елдің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын таныстырып, ұлттық билер билеп, шығармашылық нөмірлер көрсетті. Балалар түрлі мемлекеттердің тулары мен рәміздерін пайдаланып, жүздеріне жалаулардың суреттерін салып, мерекенің сәнін келтірді.

Барлық өнер көрсетулер жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өздерінің шығармашылығы мен таланттарын көрсетті. Іс-шара қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар грамоталармен марапатталды.

Күн соңында көңілді дискотека ұйымдастырылып, тәрбиеленушілерге ерекше әсер, жарқын эмоциялар және көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

19.06.2026
Қаралым саны: 138