«Жасыл болашақ» экологиялық ауысымының екінші күні «Таза Қазақстан – Өзіңнен баста» тақырыбында өтті. Бұл күн қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналды.
Күн барысында 3-отряд тәрбиеленушілері экологиялық бағыттағы түрлі іс-шараларға белсенді қатысты. Балалар экология тақырыбында плакат әзірлеп, табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы өз ойларын шығармашылық жұмыстарында бейнеледі.
Тәрбиеленушілер лагерь аумағын көркейту жұмыстарына да атсалысты. Олар гүлдерді суарып, жасыл желектерге күтім жасап, сенбілікке қатысып, аумақтың тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар балалар табиғи ресурстарды үнемдеу қажеттілігі туралы ақпараттық парақшалар дайындап, оларды лагерь аумағына орналастырды. Бұл жұмыстар арқылы су мен электр қуатын үнемдеу, табиғи байлықтарды қорғау мәселелеріне назар аударылды.
Табиғатқа және жануарларға қамқорлық көрсету мақсатында тәрбиеленушілер шағын ұялар жасап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ балалар экологиялық тақырыптағы боямақтарды қызығушылықпен бояп, өз шығармашылық қабілеттерін дамытты.
Кешкі уақытта лагерьде «Ертегілер күні» атты мәдени-шығармашылық іс-шара ұйымдастырылды. Балалар сүйікті ертегілерінен көріністер қойып, ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Әр отряд шығармашылық белсенділік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар грамоталармен марапатталды. Кеш көңілді дискотекамен аяқталып, балаларға көтеріңкі көңіл — күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Күн өте қызықты, мазмұнды әрі пайдалы өтіп, тәрбиеленушілердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.


Қаралым саны: 53