«Start Nomad» – Экологиялық бастау күні

«Аю-тас» балалар сауықтыру лагерінде «Жасыл болашақ» экологиялық ауысымының салтанатты ашылуы өтті. Ауысымның алғашқы күні «Start Nomad» – Экологиялық бастау күні атауымен ұйымдастырылып, қатысушылардың лагерьмен танысуына, бейімделуіне және достық атмосфера қалыптастыруға арналды.

Күн бойы лагерьге облыстың әртүрлі аудандарынан балалар келіп жетті. Тәрбиеленушілер лагерьге автобустармен келіп, қызықты демалыс пен жарқын әсерлерге толы күндерді асыға күтті. Балаларды мерекелік көңіл-күймен үлкен аю бейнесіндегі аниматорлар қарсы алып, олармен ойнап, құшақтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Балалар үшін жағымды тосынсый ретінде балмұздақ таратылып, жолдан шаршап келген тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлады.

Лагерь аумағымен танысып, бөлмелерге орналасқаннан кейін тәрбиеленушілерге қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық жүргізілді. Балалар лагерьдегі тәртіп ережелерімен, қауіпсіздік шараларымен және күн тәртібімен танысты.

Күннің екінші жартысында отрядтар кешкі іс-шараға дайындық жұмыстарын жүргізді: өз отрядтарының атауларын, ұрандарын ойластырып, плакаттар әзірлеп, шығармашылық нөмірлерін дайындады.

Күннің жарқын қорытындысы ретінде «Таланттар күні» атты жалпылагерьлік кеш ұйымдастырылды. Әр отряд өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Сонымен қатар отрядтар өз атауларын, ұрандарын және плакаттарын таныстырып, ұйымшылдықтары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар грамоталармен марапатталып, бұл кеш балаларға ерекше әсер мен ұмытылмас естеліктер сыйлады.

Экологиялық ауысымның алғашқы күні қызықты, әсерлі әрі мазмұнды өтіп, жаңа достықтың, жарқын сәттердің және қызықты оқиғалардың бастамасына айналды.

16.06.2026
Қаралым саны: 49